Жаз айлары – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндегі демалыстың орны ерекше. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі болып табылады. Бұл уақыт балалардың негізгі сабақтан босап, әр бала өз қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан да, жазғы сауықтыру алаңының қызметкерлеріне, тәрбиешілеріне оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттаудың, үйретудің мәні зор.
Жазғы демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің дем алуларына, шығармашылық белсенділігін арттыруға, балалардың өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттерін дамытуға, рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбие, көркем шығармашылық, спорт, саяхат пен өлкетану және басқа да танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін арттыруға жағдай жасау мақсатында «Қостанай қаласы білім бөлімінің № 10 жалпы білім беретін мектебі» КММ «Балдәурен» жазғы сауықтыру алаңы жұмыс жасауда.
Жазғы сауықтыру алаңында балалармен түрлі жұмыстар жүргізіледі. Атап айтсақ, спорттық, ұлттық, танымдық ойындар, алғырлық, зерделік, тілдік шоу-сайыстары, ер балалар мен қыз балалар арасындағы әдеп, салт-дәстүрге байланысты сын-байқаулар, ұлттық дәстүрлер мерекесі, өнер байқаулары, сурет көрмесі, саяхаттар, концерттік бағдарламалар т.б. іс-шаралар өткізілуде.
Мектеп жанындағы алаңдарға баратын бастауыш сынып оқушылары үшін 11 үйірме мен қызығушылықтары бойынша секциялар ұйымдастырылды.
Биылғы жылы мектептердегі театр қозғалысын дамытуға да үлкен көңіл бөлінуде. Ұсыныстарға сәйкес біз осы жазғы маусымда «Қуыршақ театры» үйірмесінің жұмысын бастадық.
«Менің Отаным – Қазақстан» (балалар мен жасөспірімдер туризмі мен өлкетануды дамыту, экспедициялар, жорықтар, экскурсиялар ұйымдастыру), «Тарих мұрасы», «Өз жеріңді таны» (өлкетану білімін арттыру және мектеп туризмін дамыту, тарихи-археологиялық қозғалыс, туған өлкенің тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін тереңдетіп зерделеу жобаларын іске асыру шеңберінде), «Табиғат бесігі» (туған жерге жауапкершілікпен және ұқыпты қарау), жазғы кезеңде «География әлемінде», «Өлкетану», «Жас эколог», «Жас турист» сияқты жазғы алаңдар жоспарланды.
«Мың ЖАСА» еріктілер бағытының аясында, біздің мектепте оқу жылының басынан «Алтын жүрек» атты еріктілер тобы жұмыс істейді. «Алтын жүрек» еріктілер тобымен бірлесе жазғы алаңдарда көптеген іс-шаралар өткізілуде. Айта кетсек, КВН, «Би әлемі», «Ұлттық ойындар» және т.б балалардың қызығушылығын ояту мақсатында әртүрлі іс-шаралар өткізілуде.
Балаларға «Балдәурен» жазғы алаңы тек жақсы естеліктерге толы болуы үшін біз барлық жағдайды жасап отырмыз. Сондықтан балалар осы жазды қызықты өткізуде деген үміттеміз.
Ағатәлімгер : Бешимова К.К


