2018-2019 оқу жылының басталуына орай 1 қыркүйек күні Алғашқы қоңырау мерекелік салтанатты жиыны болып өтті.
Алғашқы қоңырау мерекесі 1-сынып бүлдіршіндері мен 11-сынып оқушыларын салтанатты түрде ортаға шақырумен басталды. Мерекелік іс шараны мектеп директоры Раисов Рамазан Елеусизович мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндерді, оқушылар мен ата-аналарды құттықтау сөзімен бастады. Рамазан Елеусизович өз сөзінде қазіргі таңда жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – ұстаздар алдындағы үлкен міндет екенін атап көрсете отырып, биылғы оқу жылының ерекше екендігін, 1-3, 5-8 сыныптар жаңартылған білім беру бағдарламасына көшетіндігін және осыған орай барлық оқушылар қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілетіндігін айтты. Үш тұғырлы тіл саясатын іске асыру мақсатында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін дамытуға баса мән берілетіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, 1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен оқушылар мен мектеп ұжымын құттықтап ата-аналар сөз сөйледі.
1-ші сынып оқушыларына 11-ші сынып оқушылары Елбасымыздың оқулығын сыйға тарта отырып, білім кілтін ұсынды. Салтанатты жиын оқушылардың мерекелік сазды бағдарламасымен жалғасты. Қоңыраудан соң барлық сынып оқушылары өз оқу кабинеттерімен танысып, «Мен – өз елімнің патриотымын» атты алғашқы білім күні сабағына қатысты.


