«Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімі» ММ Сізге «Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің 2020 жылдың 10 қыркүйегіндегі №01-23/242 хатына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті тарапынан «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың» 21 тармағын орындау үшін а.ж. 8-11 қыркүйек аралығында «Ұлы Абай –халық жүрегінде» атты диктант барлық пән мұғалімдері арасында өткізіледі.
Диктант қазақ тілінде жазу сауаттылығының деңгейін көтеру мақсатында ұйымдастырылады, сондықтан қолданыстағы әліпби (кирилл қарпіндегі) негізінде жазылады.
Диктантты сауатты жазған 3 тұлға тілдерді дамыту басқармасының алғысхатымен марапатталатын болады.
Ұлы Абай – халық жүрегінде
Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.
Кісіге біліміне қарай болыстық қыл, татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады.
Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың.
Ер артық сұраса да азға разы болады. Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.
Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?
Жаман дос – көлеңке: басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың.
Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық.
Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады.
Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса – жарамайды. Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс.
Барлығы – 145 сөз


