Инклюзивті білім беру

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халқына Жолдауында білім беруді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып танылады.

Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарына баршаның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі; әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі жатады («Білім туралы» ҚР Заңының, 3-бабының, 1, 2-тармақтары).

Инклюзивті білім беру баршаның сапалы білімге қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған білім беру жүйесін тарату процестерінің бірі болып табылады. Ол балалардың дене, психикалық, зияткерлік, мәдени-этникалық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім беру ортасына айрықша білім алу қажеттіліктері бар балаларды қосуды, барлық кедергілерді жоюды, олардың сапалы білім алуы үшін және олардың әлеуметтік бейімделуін, социумге кірігуін көздейді.

Инклюзивті білім беру сүйенетін құндылықтар қатарына жатады:

– әрбір бала – тұлға;

– барлығы оқи алады – оқытылмайтын бала жоқ;

– әрбір баланың өзіне тән ерекшеліктері, қызығушылықтары, қабілеттері мен оқудағы қажеттіліктері бар;

– кез келген түрдегі шеттетуге тыйым салу;

– қоғам өміріне қатысу әр адамның құқығы;

– бір біріне төзімділік: бірге, бір әлемде бір бірімен тұруға дайын болу; адамдарды барлық кемістіктерімен қабылдау;

– «алуан түрлілік үндестігі» ретінде түсінілетін толеранттылық бағытында тәрбиелеу».

Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқыту мұғалімнен өзінің кәсіби біліктілігі мен шеберлігін арттыра отырып, бір-бірімен байланысты салалардың білімін тез меңгеруді талап етеді. Себебі, ерекше білім беруге қажеттіліктерді қанағаттандыру мамандардың пәнаралық өзара әрекеттестігін қарастырады. Педагогикалық міндеттерді айқын түсіну мұғалімге балалардағы қиындықтарды ғана емес, сондай-ақ өзінің кәсіби ісіндегі қиындықтарды нақты анықтауға мүмкіндік береді.