Қазіргі таңда ғаламторды қолданбайтын адам мыңның бірінде ғана болуы мүмкін. Әлем бойынша адамдардың 90% − ға жуығы ғаламторды қолданады екен. Ғаламтор дегеніміз – дүниенің әр түкпіріндегі тұтынушылардың бір-бірімен мәліметтер алмасуы, бейнелер және дыбыс жазбалары арқылы жеңіл байланыстыратын ең ауқымды желі түрі. Ол біздің өмірімізде күннен күнге өте елеулі рөл атқарып келеді. Қазіргі кезде әлем мен Ғаламтор тығыз байланысты. Себебі, ғаламторсыз өмір сүру мүмкін болмай қалды.
Қарапайым мысал ретінде алатын болсақ, бүгінде біреу жайлы ақпарат алу оңайға айналды. Суретіне қарап талғам жасайсыз. Статусын көріп оның бүгінгі көңіл-күйін аңғарасыз. Лентасындағы жазбаларын оқып, шолу жасап, оның жалпы қандай адам екенін білуге болады. Тіпті қандай топтарға, парақшаларға жазылғанын көріп оған не қызық екенін де аңғарасыз. Қысқасы, онлайн бейнеңізден басқа барлық ақпаратты біреу емес өзіміз көпшіліктің алақанына салып береміз. Қазіргі жастар үшін білімнің көзі кітап емес – ғаламтор болып қалды. «Іздегенің алдыңан, қиналмай-ақ табылар» деген ұранмен керектің барлығын тауып ала алады. Ғаламторды дұрыс қолдана алатын адамдар үшін оның тигізер пайдасы мол. Егер де бізбен сіз осы ғаламтор мүмкіндіктерін қажетімізге жарата алсақ, бұдан артық пайданың көзін таба алмаймыз. Бизнес, білім, ғылым, жақын адамдармен қарым-қатынас жасауда болсын пайдасы орасан.