«Абай-дана, Абай-дара қазақта»

Мектебімізде ұлы ақынағартушыжазба қазақ әдебиетініңқазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы – Абайдың 175 жылдығына арналған онкүндік болып өтті. Онкүндікте челлендж, виртуалды кітаптар көрмесі, мәнерлеп оқу, сурет, фотоколлаж, эссе байқаулары және тәрбие сағаттары жоспарланып, кең ауқымда аталып өтті. Онкүндіктің ашылуының бір ерекшелігі ретінде ата-аналарымыздың «Мен Абайды оқимын» челленджін бастап, челленджге қатысуға оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдерді белсене қатысуға шақырғанын айта кеткен жөн. Аталмыш челленджді оқушылар мен ата-аналар қауымы қолдап, онкүндік барысында бір-біріне жарыса эстафетаны жолдап, онкүндіктің қызықты әрі тартымды өтуіне үлестерін қосты. «Абай-дана, Абай-дара қазақта» кітап көрмесі мектеп сайты мен инстаграм парақшасында виртуалды түрде көпшілік назарына ұсынылды. Ал «Мені Абай шабыттандырды» сурет байқауына қатысқан оқушылар Абайдың жыл мезгілдеріне және адалдық, әділдік тақырыптарына арналған шығармаларының тақырыбы мен мазмұнын ашатындай көркем етіп салған суреттерін әлеуметтік желіге жариялап қана қоймай, қалалық, облыстық сурет байқауына да ұсынды. Қорытындысы бойынша бастауыш сынып оқушылары Абилова Ақерке (1 орын), Таңатқан Нурислам (2 орын), Мукатова Еңлік (3 орын) қалалық кезеңінен жүлделі орындарды иеленіп, облыстық кезеңіне жолдама алды. Сондай-ақ  5-9-сыныптар арасында  оқушыларға бірнеше тақырыпта  қашықтықтан ұйымдастырылған эссе байқауы өткізілді. “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” демекші, эссе байқауынан “Он тоғызыншы қара сөзіндегі “қандай” мен “қалай” сұрақтарына жауап беріп, өз қөзқарасыңызды талдап жазыңыз” тақырыбында 8 “Б” сынып оқушысы Айтпаева Аружан, ал «”Жігіттер ойын-арзан, күлкі – қымбат” өлеңінде сипатталған мінез-құлықтар қаншалықты кездесетінін талдап жазыңыз» тақырыбы бойынша 9″А”сынып оқушысы Төленді Бекарыстың эссе жұмыстары бірінші орынды иеленді. Аталмыш оқушылардың эсселері қалалық кезеңге жолдама алды.

«Мен де бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Абайдың өмірбаянын оқып, шығармалары, қарасөздерін жатқа айтуда да үш тілде еркін сөйлейтін мектеп оқушылары алдарына жан салмады. Абайға арнап шығарған өз өлеңін оқыған оқушымыз Аманжол Меруерт келешегінен үміт күттірер талантымен көпшілікті тамсандырды. Кейінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында Абайдың тағылымға толы нақыл сөздерінен көркемдеп фотоколлаж, бейнебаяндар жасалды. Мектепалды даярлық тобынан бастап 1-11 сыныптардың барлығында «Абайдың рухани әлемі» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізілді. Тәрбие сағаттарында оқушылар Абайдың адамгершілік, адалдық, әділдікті нұсқайтын өлең-жырлары мен қарасөздерінің мән-мағынасына терең үңіліп, өмірбаянымен танысты. 

Ақынның өз сөзімен айтсақ:

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…

Артына өшпес із, өлмес өсиет қалдырған ұлы тұлға – Абайдың 175 жылдығына арналған онкүндікте өткен іс-шаралар арқылы оқушыларымыз бүкіл адамзаттың рухани қазынасы болып саналған  ақынның мол әдеби мұрасына қанығып, өмірлік нұсқау алды деуге болады.  

Койтбаева Зоя Абдигаппаровна

Қостанай қаласы, №10 орта мектебі

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары