ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікірлер

1) ҚР Президенті биылғы Жолдауында «сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды» деп атап өтті. Жаңа оқу жылында балаларымыз қашықтықтан және бастауыш сыныптарда ата-аналардың жеке өтініштеріне сәйкес штаттық режимде кезекші сыныптарда оқуды бастады. Мұндай жағдайда сынып жетекшілері ата-аналарға санитарлық-эпидемиялық талаптар мен оқушының мектепке келіп-кету және кезекші сыныптардағы оқу үдерісінің жүзеге асырылу тәртібі туралы түсіндірді. Мектепте 1-11 сыныптарда 708 оқушы, ал жалпы мектепалды даярлық тобымен 744 оқушы бар. Бастауыш сыныптарда 7 кезекші сынып (оқушы саны 102), мектепалды даярлық тобында 2 кезекші топ ( бала саны 19) санитарлық талаптарға сай өз жұмысын бастады. Мектебіміздің материалдық-техникалық базасы талапқа сай. Қазіргі пандемия уақытындағы кезекшілік сыныптардың оқуы үшін барлық жағдай жасалған.
2) Мектептің жаны мұғалім ғой. Мектеп ұстаздарын өз маманының шебері деуге болады. Мамандар жеткілікті.
3) Қ.Тоқаев «Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» деді. Бұл айтылған пікірмен келісемін. Себебі қазіргі жас ұрпақтың заманға сай толыққанды білім алуына жағдай жасалу керек деп ойлаймын.
4) Мұғалім мәртебесін көтеру соңғы жылдары үнемі айтылып келеді. Ұстаздардың құрметін асыру үшін биылғы жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Онда ұстаздардың мәртебесін көтеретін бірнеше мәселелер өз шешімін тапқан. Заңда атап көрсетілген педагогтерге қатысты “Педагог мәртебесі туралы” ҚР Заңын бұзғаны үшін көзделген айыппұлдар туралы ақпараттармен де таныспыз.
5) Тағы бір айтылған жәйт, балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесі туралы. Қ.Тоқаев «2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін» деп тапсырма берді. Бұл межені орындауға мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасы орта жолда қалмай орындалатынына сенімдімін.
6) Сонымен бірге біз кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн. Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық беріледі деді. Сондықтан кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыру мектептен бастау алғаны жөн екенін тілге тиек етемін.
7) Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет деді. Жалпы, бұл бағытта өңірде атқарылып жатқан іс көп тәрізді. Ауылды, қалалық жерлерде ойын алаңдары, спорт нысандары көптеп ашылып жатыр. Біздің мектебімізде де волейбол, футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ және жүзу үйірмелері тиімді жұмыс істейді.
8) «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді» деді Жолдауда. Бұған мектебіміз дайын деп есептеймін. Себебі қолөнер мен шығармашылыққа үйрететін мектебімізде білікті мамандар жеткілікті.

Бексеитова Дина Салимгереевна,
Қамқоршылық кеңесі төрайымы.