Ғұлама ойшыл Әбу-Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби. Әбу-Насыр ибн Мұхаммед әл-Фараби – ойшыл, философ, математик, логика, музыка зерттеушісі, әлеуметтанушы, физик, астроном, ботаник, лингвист, жалпы сөзбен айтқанда Шығыс ғұламасы. Әбу-Насыр әл-Фараби – тек қана түркі халықтарының мақтанышы ғана емес, қазақтың және бүкіл әлемнің мақтанышы. Ұлы ғұлама жерлесіміз болғандықтан оның ұрпақтарымыз деп те мақтанышпен айта аламыз.
Әбу-Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ол парсы, грек тілдерін үйреніп, ғылыми трактаттар оқып, өз білімін жетілдіріп отырды. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында «Екінші ұстаз» атанды. Әл-Фарабидің 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттары бар. Еңбектерінің ішіндегі ерекшесі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат». Әл-Фарабидің еңбектері әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ұлы ғұламаның есімі еліміздің жоғары оқу орындарына, көшелеріне, аудандарына беріліп, өз кезегінде мұражай ашуға да көңіл бөлінген. Атап айтсақ, Әбу-Насыр әл-Фарабидің аты Алматы қаласындағы басты университетіне берілген. Еліміздің қалаларында көшелері мен даңғылдары ұлы ғұламаның атымен аталады. Ғұлама туралы құжатты фильм түсірілген. Ал оның отаны Түркістан облысы, Отырар ауданының Шәуілдір ауылында мұражай ашылған. Шымкент қаласының бір ауданына ұлы ғұламаның есімі берілген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғимаратының алдында үлкен ескерткіш орнатылған. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік премиясы да Әбу-Насыр әл-Фарабидің атымен аталады. Ежелгі Отырарды әлемге танытқан ұлы ғұламаның 1150 жылдығы қарсаңында оның тұлғасына, еңбегіне деген қызығушылық артып, жаңа зерттеулерге жол ашылады деген сенімдемін. Оның әр еңбегіне терең бойлап, мән-мағынасын түсініп, қыр-сырын ашып, кейінгі ұрпаққа үлгі болар тұстарын санасына жеткізудің маңызы зор. Ұлы ғұламаның өмірі мен бай мұрасын кейінгі ұрпаққа таныстыру үшін мектепте жыл бойы атқарылатын жұмыстар жүйеленіп жоспарланды. Іс-шаралардың бастамасы ретінде мектеп кітапханашысы Л.Т.Садвакасова көрнекті ойшылдың өмірбаяны, еңбектері туралы мәліметтер жинақталған көрме ұйымдастырды. Сынып жетекшілері оқушыларды көрме материалдарымен таныстырып, әл-Фараби туралы толық ақпараттар берді. Мектепте дәстүрге айналған жыл бойы өтетін «100 кітап» жобасына әл-Фарабидің еңбектерін қосуды жоспарлап отырмыз. Міне, Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған іс-шаралар біздің мектебімізде қолдау тауып, өз жұмысын бастады.
Авторы: Койтбаева Зоя Абдигаппаровна
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
«Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №10 орта мектебі» ММ